Accessibility links

Аспандағы кептеліс. Соғыс өрті әуе тасымалын қалай өзгертті?


Әскери қақтығыстар кесірінен жер шарында ұшуға болмайтын аймақ көбейіп барады. Соғыс оты тұтана қалса, мемлекеттер әуе кеңістігін жаба қойып, жолаушыларды, ұшқыштар мен әуе компанияларын әбігерге салады.

Ұшақтардың үйреншікті жолдары өзгеріп жатыр. Бұрын ұшқыштар бір құрлықтан екіншісіне тіке ұша беретін болса, қазір жер шарының түрлі бөлігінде тұтанған соғыс өрті кесірінен ұшқыштар қауіпсіз жол таңдап ұзақ айналады. Миллиондаған рейс тар әуе дәліздерінде қысылып қалған. Кей жер еш ұшақ ұшпай бос қалса, енді бір жерде зымырандар мен дрондар ғана зулап жатыр.

Бұл – кездейсоқ қалыптасқан ахуал емес. Әлемнің әр түкпірінде жылдар бойы болып жатқан соғыс, кикілжің, әскери қақтығыс кесірінен қырғиқабақ соғыс заманынан бері алғаш рет әлемнің көп бөлігінде әуеде ұшу қауіпті болып қалды. Ресейден Таяу Шығысқа дейін, Африка құрлығының біраз жері "ұшуға болмайтын" аймаққа айналды, соның кесірінен халықаралық әуе қатынасы дағдарысқа ұшырап, саланың экономикасын, ондағы қауіпсіздікті және ауаға көмірқышқыл газының таралуын түбірімен өзгертті.

Ресей аспанындағы бейберекет

Жақында Ресейдің азаматтық авиациясында хаос болды. "Аэрофлот" әуе компаниясы 28-29 шілдеде 60-тан астам рейсті кідіртті. Бұған компанияның ІТ-жүйесіне жасалған кибершабуыл себеп болған. Украинаға бүйрегі бұратын Silent Crow және Cyber Partisans BY хакерлік топтары "Аэрофлот" жүйесіне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті мойнына алды. Олар әуе компаниясының корпоративтік желісін бұзып, ішкі хат-хабарларын ашып, мыңдаған серверді жойып жібергенін мәлімдеді. Кейін Ресей бас прокуратурасы мұны растап, кибершабуыл бойынша қылмыстық іс қозғады.

Шілденің басында Ресейде бұдан да ауқымды коллапс болды. 5-6 шілдеде бүкіл Ресей аумағында 2 мыңнан астам рейс кейінге қалды. Бұған Украинаның Ресейге жаппай дрон шабуылы себеп болды, соның салдарынан Ресей өз әуе кеңістігінің біраз бөлігін жабуға мәжбүр болды.

Мәскеудің "Шереметьево" әуежайында Татьяна есімді жолаушы қалыптасқан жағдайды "хаос" деп сипаттады. Желілерде жарияланған видеолардан әуежайдағы иін тірескен халықты байқайсыз. Діттеген жағына кете алмаған жолаушылар еденде, баспалдақта, орындықтарда жатыр. Әуежайда ішетін су таусылып, жұрт әбігерге түскен. "Ұйықтайтын жер болмаған соң адамдар кафельге жата кеткен".

Санкт-Петербургтегі "Пулково" әуежайында рейстер тоқтатылған соң Мәскеуге пойыз билеттері әп-сәтте таусылып, такси жүргізушілер Ресей астанасына дейін 80 мың рубльге дейін (1025 доллар) сұраған. Шілденің 6-сында "Шереметьевода" 15 мыңдай жолаушы қаңтарылып қалған. Калуга, Тамбов пен Псковь сияқты шағын қалаларда әуежайлар мүлде жұмысты тоқтатқан.

Ресей қорғаныс күштері сол түні 120-дан астам дронды атып құлатқанын мәлімдеді. Олардың кейбірі Мәскеудің тура түбінде жойылған. Билік өкілдері елдегі әуе кеңістігінің жабылуын "сырттан жасалған арандату" деп сипаттады. Ресей әуежайларындағы аласапыран үйреншікті жайтқа айналып барады. 2022 жылы Украинаға басып кіргелі Ресейде әуежайлар 600 мәрте жабылған.

Қона алмай сандалған ұшақтар

Әуежайда, қалың нөпірдің арасында қалған ұнамаса, жерге қона алмай әуеде қалып қалған сәтіңізді елестетіп көріңіз. 2025 жылғы маусымда Ирак АҚШ-тың Катардағы "Әл-Удейд" әуежайына зымыран атқан соң көрші жатқан елдер бірден әуе кеңістігін жаба қойды. Qantas әуе компаниясының Австралиядағы Перт қаласынан Парижге бара жатқан ұшағы әуеде 15 сағат ұшып жүріп, кейін ұшып шыққан жеріне қайтып барды. Ал бір ұшақ алыстағы Сингапурға қонуға мәжбүр болды.

2025 жылғы мамырда Пәкістан мен Үндістан арасында шиеленіс басталғанда ең басты әуе дәліздерінің бірі жабылып, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасында жолаушы тасымалдайтын рейстер алыстан айналып ұшып, көп шығынға ұшырады. Жол 10 сағатқа дейін ұзарып, ұшақтар бөтен әуежайларға жиі аялдайтын болды.

Flightradar24 деректеріне қарасақ, жүздеген ұшақ жіңіше әуе дәліздерімен әрлі-берлі іркес-тіркес ұшып жатыр. Әуедегі "кептеліс" аспанда соғылу қаупін туғызады, ал жұмысы еселеп атқан диспетчерлер логистикалық маневрлер жасауға мәжбүр.

Қауіпсіздік мақсатында Қызыл теңіз, Ливия, Судан, Сирияның үстімен, Сахараның оңтүстік жағымен де ұшуға көп шек қойылады. Соғыс болып жатқан аймақтарда әуе қозғалысын бақылау жүйесі дұрыс жұмыс істемейді немесе олар мүлде жоқ. Сондықтан ұшқыштар әуеде кетіп бара жатып бағытын өз бетінше өзгертеді немесе ескірген не балама арналарды пайдаланады.

Экологияға – зиян, экономикаға – шығын

Бұл экологияға үлкен зиян келтіріп жатыр. Ұлыбританиядағы Рединг университеті мен Франциядағы Пьер-Симон Лаплас институты жүргізген зерттеу бойынша, Ресейдің әуе кеңістігінен бас тартудың өзі бір жылда ауаға таралған көмірқышқыл газының көлемін 8,2 миллион тоннаға арттырған. Айналып ұшқан рейстер 13 пайыз көп жанармай жұмсаған. Әсіресе Еуропа–Азия және Солтүстік Америка–Азия бағыттарында шығын ерекше өскен.

Дублин университетінің тағы бір зерттеуші Виктория Иванникованың тұжырымы бойынша, қазір Еуропадан Азияға жолаушы тасымалдауға әуе компаниялары 39 пайыз артық жанармай жұмсайды, ал көмірқышқыл газының таралуы 40 пайызға өзскен.

Әуе соғысындағы "жеңімпаздар"

Қытай әуе компаниялары ұтымды сәтті пайдаланып жатыр. Олардың Еуропадан Азияға рейстері жылдам әрі арзанырақ, соның арқасында олар батыстағы бәсекелестерін нарықтан ысырып келеді.

Мәселен, British Airways шығыны көбейгендіктен, 2024 жылдың жазынан Лондон–Пекин және күнделікті ұшатын Лондон–Гонконг рейстерін тоқтатты.

Хельсинкидің басты әуе компаниясы – Finnair Еуропа мен Азияны жалғастыратын артықшылығынан айырылды. Бұрындары Қытайдың Juneyao Airlines әуе компаниясының Шанхайға рейсі 9 сағат болатын. Ал қазір Finnair ұшағы 12 сағатта жетеді.

Тіпті АҚШ-тағы тасымалдаушылардың өздері қиындық көріп жатыр. Мәселен United Airlines әуе компаниясы 13 сағатта тікелей жететін Дели–Ньюарк рейсін өзгертті. Ресей әуе кеңістігі жабылғандықтан енді олар Еуропа мен Таяу Шығыста аялдайды, ал сапар ұзақтығы 15 сағатқа жетеді.

Дегенмен кей компаниялардың жағдайға тез бейімделуі олардың икемділігін ғана емес, авиация саласындағы өміршеңдігін де білдіреді. Айталық 2025 жылы сәуірде Пәкістан мен Үндістан арасындағы даулы аймақ – Кашмирде теракт болып, Пәкістан әуе кеңістігі жабылған тұста Air India алдымен біраз пайдаға кенелгенімен, ықпалынан айырылып қалды.

Аспандағы зымыран

Ұрыс алаңына жақын аймақтарда әуе кеңістігі – тек коммерциялық ұшақтар ұшатын жер емес. Кейде әскери операция азаматтық авиация жолдарымен қатар жатуы да мүмкін. Ақпанда Қытай Тасман теңізінде шұғыл түрде әскери-теңіз жаттығуын өткізіп, онда әскери оқ атты. Virgin Australia ұшқышы көп қолданылмайтын радиожиіліктен ескерту дабылын кездейсоқ естіп қалып, коммерциялық ұшақтың бағытын дереу ауыстыруға мәжбүр болған.

2024 жылғы желтоқсанда Ресей әуе қорғаныс жүйесі Солтүстік Кавказда Әзербайжанның AZAL әуе компаниясының Бакуден Грозныйға бара жатқан жолаушы ұшағын нысанаға алып, әуе кемесі Каспийді асып өтіп, Қазақстанның Ақтау қаласына келіп құлаған. Ұшақта болған 67 адамдның 38-і қаза тапты.

Ұшақ апаты. Куәгерлер мен ресми органдар не дейді? – AzatNEWS | 25.12.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:26:19 0:00

Ал сол жылы қазанда Қырғызстан әуе компаниясы жалға алған жүк тасымалдайтын ұшақты Судандағы қарулы топтар әскерге жабдық апара жатқан ұшақ деп ойлап, атып құлатқан.

Атып түсірілген ұшақтар бұл ғана емес. 2020 жылы Украина әуе компаниясының PS752 рейсі Иранда құлатылса, 2014 жылы Украина аспанында Малайзия әуе компаниясының MH17 рейсіне Ресейде жасалған зымыран тиіп, күл-парша болды. Бұл екі қасірет те үлкен ескерту болды: коммерциялық ұшақтар нысанаға ілігіп, бейкүнә жандар кикілжіңнің кездейсоқ құрбаны болуы мүмкін.

Бір кездері жылдамдық, қауіпсіздік және өзара ынтымақтастықтың белгісі саналған ғаламдық әуе тасымалдау жүйесі қазір геосаяси мүдделердің күрделі паззлын еске түсіреді. Әрбір жаңа кикілжің картаға өзгеріс әкеледі. Әуе кеңістігін жабу, бағытты жылдам өзгерту не әуе кеңістігіне кіруге рұқсат бермеу сияқты әрбір оқиға жолаушыларды жолдан қалдырып, шығын мен экологиялық зиянды арттырып жатыр.

 Әлиев Путиннен кешірім талап етті. Астана мұндай талап қоя ала ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:40 0:00
XS
SM
MD
LG