Bloomberg: Ресей мұнайын тиеген төрт танкер Үндістан жағалауында тұр

Ресей мұнайын тиеген кемінде төрт танкер Үндістан жағалауында тұрып қалды деп хабарлады Bloomberg агенттігі. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мұнайын сатып алатын Үндістаннан келетін тауарларға 25 пайыздық баж салығын жариялаған.

Achilles және Elyte кемелері қазіргі кезде Үндістанның Джамнагар қаласына жақын жерде тұр – Сикка портына жүк түсіру 2-3 тамызға жоспарланған. Bloomberg-тің жазуынша, екі танкер де ЕО және Ұлыбританияның санкциясына ілінген. Жағалауға алыс жерде тағы Destan және Horae танкерлері тұр.

Bloomberg-тің жазуынша, Трамптың баж салығы туралы мәлімдемесінен кейін Нью-Дели мұнай өңдеу компанияларына өзге елдерден мұнай сатып алу жоспарын әзірлеуді сұраған.

Жақында Үндістанның ірі төрт мұнай өңдеу зауыты Ресей мұнайын сатып алуды доғарған еді. Олар Үндістанның бүкіл мұнай өңдеу қуатының 60%-дан астамын қамтамасыз етеді. Ақпаратқа қарағанда, Ресей мұнайын үнді зауыттары БАӘ және Батыс Африканың мұнайымен алмастырып жатыр.

Дональд Трамптың 100%-дық салық салу туралы қоқан-лоқысынан бөлек, Үндістанның Ресей мұнайынан бас тартуына Мәскеудің жеңілдіктіктерінің азаюы да түрткі болған.